Нұр-Сұлтанда Г.Соколовастың жүзу техникасына үйрету семинары өтті

15 November 2019

Бүгін Назарбаев Университетінің қабырғаларында әлемге әйгілі жүзу бапкері Геннадий Соколовастың (Genadijus Sokolovas) семинары өтті. 12-15 қараша аралығында өткізілген семинарда 50 астам қазақстандық триатлон және жүзу жаттықтырушылары қатысты.

«14-17 жас аралығындағы жүзгіштерді дайындау» - өткізілген курстың басты тақырыбы болды. Курс жалпы екі бөлікке бөлінді: теоретикалық және практикалық. Теоретикалық бөлігінде жүзудің спорттық түрлері техникасын заманауи тұрғыдан қарастыру, оларды жаттықтыру мен жетілдіру, су мен судан тыс жердегі жаттығу кезінде спортшылардың физикалық көрсеткіштерін дамыту жолдары мен құралдары сынды тақырыптар қозғалды.

Назарбаев Университетінің Атлетикалық орталығындағы жүзу бассейнінде өткізілген практикалық сабақтарда спикер жүзудің спорттық түрлерінің (құлаштап жүзу, баттерфляй, арқамен жүзу, брасс) техникасын жетілдіру мен жаттықтыру үшін қажетті жүзу құралдары, жаттығу түрлері, амалдары мен тәсілдері туралы айтып берді. Сонымен қатар, Г. Соколовас спортшылардың жүзу күші (Swim Power Test) мен анаэробтық, аэробтық күштері (Lactate Clearance) қандай тестілеу әдістерімен анықталатынын көрсетті.

Семинар нәтижесі бойынша көптеген тыңдаушылар көптеген қажетті теоретикалық және практикалық ақпарат алып, өз мақсаттарына жеткендігі туралы айтты.

Айта кетейік, бүгінгі таңда доктор Геннадий Соколовас жүзгіштерді дайындау саласында кеңінен танымал маман болып  табылады. Ол спортшылардың күшін сынау мен олардың өнімділігін арттыруға байланысты көптеген айрықша тестілеу түрлерін ойлап тауып, әлемдік спорт  қауымдастығының құрметіне ие болды. Ол USA Swimming ұйымында спорттық ғылым бойынша директор болып тұрған шағында АҚШ-тың жүзу құрама командасының Бейжиң мен Афинадағы Олимпиада ойындарына дайындалуына үлкен үлесін қосты. Ол Майкл Фелпс, Натали Коман және Дара Торрес секілді әлемдік жүзудің элитасымен жұмыс жасаған.


Reitiñ köşbasşylary
Saıystar kúntizbesi