Кристиан Блюмменфельд төртжылдықтың чемпионы атанды

26 July 2021

Бүгін Токиодағы Обайда шығанағында норвегиялық Кристиан Блюмменфельд төртжылдықтың айтулы додасының соңғы кезегінде нағыз ерлік танытып, ерлер арасында триатлоннан олимпиада чемпионы атанды. Қалған жүлделі орындарды британдық Алекс Йи мен жаңа зеландтық Хейден Уайлд жеңіп алды.

Сайыста әлемнің жиырма сегіз елінен келген 51 спортшы сынға түсті. 1500 метрлік жүзу кезеңін бірінші болып әлем чемпионы Венсан Луи (Франция) аяқтады. Оның артынша ресейлік Дмитрий Полянский жүзіп шықты. Үшінші болып жүзуді германдық Йонас Шомбург аяқтады.

Күткендей 40 шақырымдық велокезең доданың ең ауыр бөлігі болды. Мұнда жағдай күрт өзгеріп, сайысты швейцарлық Андреа Сальвисберг басқарып кетті. Екінші болып кезеңді норвегиялық Каспер Сторнес аяқтаса, үшінші Жаңа Зеландиядан келген Тайлер Рид болды.

Соңғы жүгіру кезеңі әрі Олимпиада ойындарының триатлон додасы норвегиялық Кристиан Блюменфельдтің жеңісімен аяқталды. Оның нәтижесі - 1 сағат 45 минут 4 секунд. Олимпиада чемпионына 11 секунд ұтылған британдық Алекс Йи күміс жүлдегер атанды. Қола жүлдені 1 сағат 45 минут 20 секунд нәтижесімен жағазеландтық Хейден Уайлд иеленді.

«Бұл сәтті мен көптеген жылдар бойы армандаған едім», - деп қуанышымен бөлісті Блюмменфельд. «Бүгінгі сайысымды расында да мақтан тұтамын. Соңғы жүз метрде жеңістің қолыма түскендігін сезінгенде бойымды бір түрлі сезім жайлады. Дәл осындай тактиканы мен сегіз апта бұрын Йокогамада және де Лиссабонда қолданған болатынмын. Егерде мәреге жетер соңғы шақырымға Алекс пен Хайденмен бірге шыққанымда, жылдамдығым жетпей қаларын білдім. Сол үшін соңғы бес минутта барымды салып, соның жеңіске жеткілікті боларына үміттендім».

Үздік бестікке бельгиялық Мартин Ван Риель (1 сағ. 45 мин. 52 сек.) пен британдық Джонатан Браунли (1 сағ. 45 мин. 53 сек.) енді. Еске сала кетейік, Токиодағы Ойындарда триталоннан тағы екі жүлделі дода болмақ. Ертең, 27 шілдеде, сайыс алаңына Elite санатындағы әйелдер шықса, 31 шілдеде аралас эстафеталық командалар сынға түспек.

Сайыстың толық нәтижелері мына сілтеме бойынша жарияланған.

Дереккөз: www.triathlon.org


Reitiñ köşbasşylary
Saıystar kúntizbesi