"ЖОЛДАМА МӘСЕЛЕСІН ШЕШУГЕ ТЫРЫСАМЫЗ": ЖАПОНИЯДА ТРИАТЛОННАН АЗИЯ ЧЕМПИОНАТЫ БАСТАЛДЫ

23 April 2021

Бүгін Жапонияның Хатцукаичи қаласында триатлоннан лицензиялық Азия біріншілігінің жалауы желбіреді. Нұр-Сұлтан уақытымен таңғы сағат 07:30-да басталған додада Қазақстан атынан жалпы есебі жеті спортшы бақ сынайды. Чемпионат қарсаңында Olympic.kz команда бас бапкері Нұржан Үсіпбековпен тілдесіп, құрлықтық дода алдындағы спортшылардың жай-күйімен және жолдама мәселесімен танысқан болатын. 

Пандемияға байланысты туындаған қиындықтар қазақстандық триатлеттерді де айналып өткен жоқ. Десе де, Нұржан Үсіпбековтің командасы бұл қиындықты айтарлықтай жеңіл еңсерді. Спортшылар мейілінше жаттығуды үзбей, санитарлық талаптарды сақтай отырып, дайындықты жалғастырған. 

«Дайындық командаға үйреншікті режимде басталды. Әрине, коронавирусты инфекцияға байланысты кейбір шектеулерді естен шығармадық. Осы орайда, Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитеті пандемия кезінде жаттығу ережелерін дер кезінде іске қосты. Індет кезінде аккредиттелген базаларда жаттығу жасауға мүмкіндік берді. Сондай-ақ, өз базаларында жаттығуға рұқсат берген Назарбаев университетінің спорт орталығын атап өткім келеді. Әлем халқына қиын соққан бұл кезеңдерде біз шамамыз келгенше жаттығып, спорттық бабымызды жоғалтпауға тырыстық», - дейді бас жаттықтырушы. 

Бүгінде спортшылар ұзақ үзілістен кейін жарысқа қайта оралғаны үшін қуанышты. 

«Осыншама үзілістен соң жарысқа қатысу спортшыларға тек рахат сыйлайтыны анық. Өйткені, бірнеше ай ірі спорттық жарыстан сырт қалу ешкімге де оңай емес. Триатлоншылардың жарыс алдындағы қобалжуды сезбегеніне де көп болған. Қатаң карантин кезінде уақытты босқа өткізбедік, үйде жаттығуды жалғастырдық. Локдаун алынған соң толыққанды жаттығу басталды», - дейді Нұржан Үсіпбеков. 

10 сәуір күні Шымкентте пандемиядан кейінгі алғашқы ресми жарыс – Қазақстан чемпионаты өтті. Бас бапкердің айтуынша, ел біріншілігінде айтарлықтай тосынсый болмаған. 

«Ұлттық біріншілікте біз күткен нәтиже тіркелді. Бас команда спортшылары тиісінше жүлдеді үш орынды өзара бөлісті. Жас спортшылар арасынан, елордалық Екатерина Шабалинаны атап өткім келеді. Ол күміс жүлде еншілеп, өзін жақсы қырынан көрсетті. Енді оның аяқ алысын одан әрі мұқият бақылаймыз», - деді біріншілікті қорытындылаған бас бапкер. 

Бүгін басталған Азия біріншілігі триатлоннан Қазақстан командасы үшін өте маңызды дода. Өйткені, Токио Олимпиадасына жолдама алу спортшыларға қойылған басты міндеттердің бірі. 

«15 маусымға дейін 12 лицензиялық турнирлер өтеді. Бірақ біз үшін Азия чемпионатының бәсі биік. Өйткені, Олимпиада ойындарына жолдама алу мәселесін осы жарысты шешуді көздеп отырмыз. Егер Арина Шульгина жақсы нәтиже көрсетсе, жоспарымыз жүзеге асты деп айтуға толық негіз болады. 2019 жылғы нәтижені көрсетудің өзі жеткілікті. Біз бапкерлермен бірлесіп, спортшылардың көрсеткішін сараптаған соң осындай шешімге келдік. Әйелдер арасында медаль алатын мүмкіндігіміз бар. Шульгинаға үздік ондыққа еніп, рейтингте жоғары тұрған қытайлықтардың алдын алу жеткілікті. Азия чемпионатынан кейінгі іріктеу турнирлері де Аринаның оң жамбасына келеді. Ал ерлер арасындағы жағдай сәл қиындау. Аян Бейсенбаев Азия чемпионы атанса ғана, Токио ойындарына жолдама алады. Бірақ оның лицензияға таласатын басты қарсыласы Оскар Коггинстен озуы мүмкін емес. Десе де, біз чемпионаттың сәтті аяқталатынына сенеміз», - дейді Нұржан Үсіпбеков.  

Фото: @2021_ hatsukaichi


Reitiñ köşbasşylary
Saıystar kúntizbesi