Қазақстандықтар триатлоннан Азия біріншілігінде алтын және қола жүлде жеңіп алды

21 June 2019

Кенджуда триатлоннан Азия біріншілігінің екінші сайыс күні аяқталды. Бұл күні Elite және U23 санаттарындағы Қытай, Сингапур, Сирия, Непал, Монғолия, Жапония, Тайпей, Гонконг, Филиппин, Оңтүстік Корея, Макао, Иран және Малайзия секілді Азия құрлығының 14 елінен келген 69 ер спортшы сынға түсті. Құрлықтық біріншіліктің ең мықты спортшысы «стандартты» қашықтықта – 1500 м жүзу, 40 км велокезеі және 10 км жүгіруде анықталды.

23 жасқа дейінгі спортшылар санатында еліміздің намысын Дарын Қонысбаев, Меирлан Искаков пен Семен Пивоваров қорғады. Мұнда да барлық бапкерлердің назары Семен Пивоваровта болды. Семен Чэндуда өткен әлем кубогінің кезеңінде көрсеткен ерлігін бұл жолы да қайталады. Ол дистанция бойында Дарынға көмектесіп, жалпы командалық жетістік үшін жұмыс істеді. Семен Пивоваровтың жеке ерлігінің әрі команданың бірлігінің арқасында бүгінгі үлкен жетістікке қол жеткіздік. Нәтижесінде Дарын Қонысбаев спорт тарихымыздағы U23 санатында алғаш алтынды жеңіп алса, Меирлан Искаков қола иегері атанды.

Elite санатындағы ерлер арасында сынға түскен Аян Бейсенбаев пен Темірлан Теміров болса 6-шы және 7-ші болып мәреге жетті.

Ертең 22 маусымда U15 және аралас эстафеталық командалар арасында өнер көрсететін қазақстандық екі команда мен Александр Тен, Александр Молчанов, Максим Шмуличтер үшін тақым қысатын боламыз.