Қазақстандықтар Ironman әлем чемпионатына жолдама жеңіп алды

18 April 2019

Өткен демалыстарда Флорида (АҚШ), Коста Наварино (Грекия), Лючжоу (Қытай) және Лима (Перу) секілді әлемнің бірнеше қалаларында Ironman 70.3 жарыстары өткізілген болатын. Біздің назарымыз қытайдың Лючжоу қаласында өткен сайысқа түсті. Себебі, мұнда қазақстандық спортшылар өнер көрсетті.

Лючжоуда сайысқа әлемнің 42 елінен келген 1024 спортшы сынға түскен. Бұл жарыста Каилуа-Конада өтетін Ironman 140.6 әлем чемпионатына 25 жолдама пен Ниццада өтетін Ironman 70.3 әлем чемпионатына 50 жолдама ойнатылды. Жолдамаға ие болу үшін өз жастық тобында спортшылар бірінші орынды жеңіп алулары керек болды. Алайда ұйымдастырушылар бұл ережеден ауытқып, қатысушылар арасында кеңінен танымал жас топтарына қосымша жолдамалар бөледі.

Лючжоуда додаға бес қазақстандық спортшы түсті. Олардың үшеуі өз жас санаттарында жүлдегерлер қатарынан көрініп қана қоймай, Каилуа-Конада өтетін Ironman 140.6 әлем чемпионатына жолдама жеңіп алды. Осылайша, М35-39 санатында күміс жүлдеге лайық нәтиже көрсетіп қана қоймай, Ironman 140.6 әлем чемпионатына жолдама жеңіп алған жеті мәрте темір адам болған, 2018 “TEMIRADAM” кубогі финалының жеңімпазы Алексей Сидоренко болды. Ол 4 сағат 25 минут 20 секунд нәтиже көрсетті. Осы жас санатындағы әйелдер арасында Дана Шаймерденова үздік атанды. Ол 4 сағат 53 минут 56 секунд дегенде мәреге жетіп, алтын медаль мен Ironman 140.6 әлем чемпионатына жолдамаға лайық деп танылды.

F40-44 жас санатындағы үшінші орынды Нағима Керімбаева иеленді. Ол 5 сағат 04 минут 02 секундта мәреге жетіп, қола медаль мен Ironman 70.3 әлем чемпионатына жолдама жеңіп алды.

Басқа да спортшыларымыз мәреге сәтті жетті. Данияр Өтеулин қашықтықты 6 сағат 10 минут 30 секундта аяқтап, М35-39 жас санатында 64-ші болды. Ал М40-44 жас санатында 4 сағат 53 минут 51 секунд нәтиже көрсеткен Павел Артюшенко 18-ші болды.

Еске сала кетейік, «толық темір» қашықтықтағы Ironman 140.6 әлем чемпионаты дәстүрлі түрде американдық Гавай аралдарында орналасқан Каилуа-Конада өткізіледі. Бұл жылы ол 12 қазанда болмақ. Ал екі есе қысқа қашықтықтағы Ironman 70.3 әлем чемпионаты француздың Ницца қаласында 7 қыркүйекте өткізілмек.

Фотоматериал А.Сидоренконың архивінен алынған.


Reitiñ köşbasşylary
Saıystar kúntizbesi