Екатерина шабалина Азия чемпионатында күміс жеңіп алды

4 June 2022

Бүгін Оңтүстік Кореядағы Седжонда спринттен Азия чемпионаты өтті. Сайыс Азия құрлығының 13 елінен келген  95 кәсіби спортшысының басын қосты. Әйелдер арасында көк туды астаналық Екатерина Шабалина қорғаса, ерлер арасында: ақтөбелік Дарын Қонысбаев, ақмолалықтар Аян Бейсенбаев, Мейрлан Искаков пен Темирлан Темировтар сынға түсті.

Сайыс қорытындысы бойынша көпшілік күткендей құрмет төрін толықтай дерлік жапондық спортшылар жаулап алды. Ақ-қызыл тудың қорғаушыларының тобынан жалғыз қазақстандық Екатерина Шабалина көрінді. Ол күміс жүлдені жеңіп алып, жүлдегерлер сабына тұрды.

750 метрге созылған жүзу бағдарламасын Шабалина бесінші орында аяқтады. Ол жүзуде 10:02 нәтиже көрсетіп, негізгі қарсыластары Юке Сато мен Сарике Накаямеге 26 секунд жеңілді. Осылайша Катя жүзуін жақсартып, соңғы рет Непалда жеңілген қарсыластарынан басым түсті. 20-километрлің велокезеңнің екі айналымында да спортшы қызымыз топ бастап, өзгелерден 20 секундқа алда келді. Алайда соңғы айналымда жүгіруге күш сақтаймын деп қате жіберіп алды. Бұл тәжірибенің аздығынан болды. Екінші транзиттік зонаға Катя сайыс көшін бастаған жапондықтардан 38 секундқа қалып кірді. Бес шақырымдық жүгіруде қазақстандық спортшы қалуын 8 секундқа дейін қысқартып, екінші орында (00:59:20) мәре сызығын кесті.

Әйелдер сайысын жапондық Юка Сато (00:59:20) жеңіп алды. Үздік үштікті тағы бір күншығыс елінің өкілі Сарика Накаяма (00:59:46) тұйықтады.

«Спортшы қызымыз тактикалық қате жіберіп алды. Мұндай халықаралық деңгейдегі сайыстарға кеше ғана шыққанын әрі бұндай пелотондарда әлі айдамағанын ескерсек, бұл әдеттегі жағдай. Әрине, ол өз қателіктерін ескеріп, келесі сайыстарда тәжірибесін қолданады. Ол өткен жылғы чемпионнын алдын орап кетті. Чемпионатты жапондық жақсы спортшы Юка Сато жеңді. Ол әлем кубоктары мен Әлемдік серия кезеңдерінде жақсы нәтиже көрсетіп, бәсекелік рейтингтік ұпайлар алып жүрген спортшы. Ендігі біз Лидсте болатын Әлем сериясына аттанбақпыз. Бұл өте жоғары деңгейдегі алғашқы сайысымыз болмақ, жақсы нәтижелер күтудеміз» — деп құраманың бас бапкері Максим Крят өз ойымен бөлісті.

Ерлер сайысындағы велододада төрт топ пайда болды: екінші топта Бейсенбаев сайысса, үшіншісінде – Искаков пен Темиров, соңғысында  — Қонысбаев келе жатты. Доданың соңына дейін сайыскерлер бір топтан екінші топқа ауысып, күш сынасып жатты. Дарын 38 секундтық жеңілісін қысқартып, екінші топқа кіріп алды. Бейсенбаев болса көп бастаған топқа түсіп жүріп кетті. Соңына қарай көшбасшыларды қуған спортшылар үлкен пелотон құрып, артта қала берді. Нәтижесінде екінші транзиттік зонаға олар екі минуттай жеңіліп кірді. Жүгіру кезеңінде еш спортшымыздың жолы болмады. Бейсенбаев тоғызыншы орында мәреге жетсе, Қонысбаев он жетінші орында болды. Темиров он жетінші орында, Искаков жиырмасыншы орында жарысты тәмамдады.

Ерлер арасындағы жүлделі үш орынды да жапондықтар алып кетті: Джента Уичда (00:52:44), Аоба Яасумацу (00:52:51) и Макото Одакура (00:53:05).

Ұлыбританияның Лидс қаласында болатын Әлемдік серия кезеңі 12 маусымда болатынын еске саламыз. Бүгінгі біріншіліктің қорытынды хаттамасын www.triathlon.org сайтынан көруге болады.