Астанада Қазақстандық Триатлон Федерациясының Жыл сайынғы конгресі өтті

11 December 2018

Бүгін астаналық Hilton Astana қонақ үйінде Қазақстандық Триатлон Федерациясының Жыл сайынғы Конгресі өтті.

Конгрестің жұмысы екі күнге созылды: бірінші күні Федерация профильді комитеттерінің отырысы өтіп, отырыс нәтижесінде ҚТФ келер жылға жоспарланып отырған жұмыс бағдары анықталды. Ал екінші күні, яғни Конгрестің бүгінгі жұмысында ҚТФ Президенті Кәрім Мәсімовтің басшылығымен, сонымен қатар, ҚТФ Вице-президенттері Айдын Рахымбаев пен Ғалымжан Есеновтің, ҚР Мәдениет және спорт министрлігі мен Ұлттық Олимпиадалық комитеті өкілдерінің қатысуымен өткен басқосуда ҚТФ Максим Кряттың жылдық есебі тыңдалды. Ол Федерацияның жыл бойы атқарған жұмыстарын атап өтіп, келер жылға қойылып отырған жоспарларымен бөлісті.

Басқосу соңында Кәрім Мәсімов жыл бойы ерекше көзге түскен спортшылар мен бапкерлерді кубоктармен, триатлонды дамытуыға ерекше үлес қосқан Федерация мүшелеріне Құрмет грамоталарымен және де ҚТФ бастамасымен өткізілген жарыстардың барлығына қатысқан әуесқой спортшыларға құрметті “TEMIRADAM” белгілерін табыстады.

Осылайша, «Жыл жаңалығы – үздік жас спортшы» аталымында Буэнос Айрестегі жасөспірімдер Олимпиадасының қатыушысы Даниил Зубцов (Шымкент) жеңімпаз атанды.

Индонезиядағы Азия ойындарының күміс жүлдегері Аян Бейсенбаев (Ақмола облысы) «Жылдың үздік спортшысы» атағына ие болды. «Жылдың үздік бапкері» атағына ҚТФ бас жаттықтырушысы Андрей Глущенко лайық деп танылды. «Қарқынды дамып келе жатқан аймақтық федерация» арнайы жүлдесі Астана қалалық триатлон федерациясына табысталды. «Жылдың үздік федерациясы» аталымында Almaty Triathlon Federation жеңіске жетті.

ҚТФ мүшесі Даут Шайхисламов, Жамбыл облыстық триатлон Федерациясының басшысы Жанат Бабаев, Ironman Astana атқару комитетінің мүшелері Алексей Сидоренко мен Сергей Бодров, ҚТФ спорттық іс-шараларының жүргізушісі Александр Олейник құрмет грамоталарымен марапатталды.

Сонымен қатар, Мұрат Әубәкіров (Астана), Әділет Бақытұлы (Астана), Дәурен Миербеков (Астана), Ринат Саликжанов (Астана) пен Александр Хитров (Павлодар) «TEMIRADAM» құрметті атағының алғашқы иегерлері атанды. «TEMIRADAM» атағының иегерлеріне арнайы төс белгілерін, 2019 жылы шілде айында болатын Ironman Astana 70.3  сайысына тегін қатысу сертификаттарын ҚТФ президенті өз қолымен табыстады.

 

 


Reitiñ köşbasşylary
Saıystar kúntizbesi