Қазақстандық триатлоншылар Еуропа Кубогінде үздік ондықтың қатарынан көрінді

7 October 2019

Кеше Түркиядағы Алания жағалауында 2019 Alanya ETU Triathlon European Cup атты екі күндік триатлон сайыстары аяқталды. ITU және ETU бастамасымен өткізілген додада әлемнің 32 елінен келген 240 триатлет пен паратриатлеттер сынға түсті. Сайыскерлер арасында Elite және Junior санаттарында бақ сынаған қазақстандық спортшылар да болды.

Бірінші сайыс күні жарыс алаңына Арина Шульгина мен Ашраф Камалова шықты. Арина «спринт» (750 м жүзу, 20 км веложарыс, 5 км жүгіру) қашықтығында Elite санатында өнер көрсетіп, мәреге 6-шы болып жетті. Оның уақыты – 1 сағат 01 минут 14 секунд. Бұл санатта бірінші орынды 1 сағат 01 минут 23 секунд нәтиже көрсеткен украиндық спортшы Юлия Елистратова (Yuliya Yelistratova) жеңіп алды. 1 сағат 01 минут 23 секунд нәтижесімен неміс спортшы қызы Лиза Тертч (Lisa Tertsch) екінші орыннан көрінді. Оған 16 секундқа жеңілген Александра Разаренова қола жүлдегер атанды.

Юниорлар арасында өнер көрсеткен Ашраф «спринтерлік» қашықтықты 1 сағат 08 минут 43 секундта бағындырып, мәре сызығын 9-шы болып кесті. Бұл санаттағы алтын жүлдені қашықтықты 1 сағат 05 минут 29 секундта бағындырған голлндиялық спортшы  Барбара Де Конинг (Barbara De Koning) қанжығасына байлады. 1 сағат 06 минут 14 секундта мәреге жеткен швейцариялық Катия Шар (Cathia Schär) күміс алды. Оған 10 секунд ұтылған польшалық Юлия Санецка (Julia Sanecka) үшінші болды.

Екінші сайыс күні түріктің Ривьерасында ерлер додасы өтті. Қазақстан намысын ұлттық құрама мүшелері қорғады - Аян Бейсенбаев, Темирлан Темиров, Мейрлан Искаков, Дарын Қонысбаев, Семен Пивоваров, Даниил Зубцов, Әлихан Абусеит, Ерасыл Аманжолов және Мұрат Жакен.

Күткеніміздей, біздің спортшыларымыз арасында үздік нәтижені «спринт» қашықтығында Elite санатында сайысқан Аян Бейсенбаев көрсетті. Ол 55 минут 09 секунд нәтижесімен 9-шы болып мәреге жетті. Дарын Қонысбаев болса 55 минут 25 секунд нәтижесімен 14-ші орында сайысты аяқтады. Мейрлан Искаков мәре сызығын 34-ші орында (56 минут 29 секунд), Семен Пивоваров – 41-орында (57 минут 06 секунд), Темирлан Темиров – 48-ші орында (57 минут 31 секунд) кесті. Аталған санаттағы көштің басын мына спортшылар бастады: 1 орын – испандық Дженис Грау (Genis Grau) (54 минут 38 секунд), 2 орын - швейцарлық Сильвэйн Фриделанс (Sylvain Fridelance) (54 минут 41 секунд), 3 орын британдық Джеймс Тигл (James Teagle) (54 минут 42 секунд).

Жасөспірімдер санатында қазақстандықтар арасында 1 сағат 00 минут 38 секунд нәтиже көрсеткен Даниил Зубцов үздік атанды. Даниил қорытынды хаттамада 21-ші орынға орналасты. Мұрат Жакен 48 орында (1 сағат 06 минут 09 секунд), Ерасыл Аманжолов 51-ші орында (1 сағат 08 минут 32 секунд) сайысты тәмамдады. Юниорлар арасында бірінші орынды Виталий Воронцов (Украина) 57 минут 17 секунд нәтижесімен жеңіп алды. Оған 31 секунд ұтылған тайпейлік Тзу И Пан (Tzu I Pan) екінші болды. Панға небары 2 секундқа жеңілген ресейлік Павел Сорокин үштікті тұйықтады.

Аланияда өткен бұл еуропалық кезең паратриатлоншылар санатында ресейлік спортшылар 12 медаль жеңіп алып, Параолимпиадалық квалификациялық рейтингке құнды ұпайларды жинауымен есте қалды. Енді спортшыларымыз Корей елінде болатын Әлем кубогінде додаға түсетін болады.

Фотосурет ITU ресми сайтынан алынды.


Reitiñ köşbasşylary
Saıystar kúntizbesi