Аймақтардағы жұмыс нәтижесі – Шілде

9 August 2019

Қазақстандық триатлон үшін әрбір ай өзінің қызықты оқиғаларымен есте қалады. Өткен шілде айы да солардың қатарында. BI Group Ironman 70.3 Astana, Қарағандыда өткен бесінші Жазғы Спартакиада мен Бурабайда өткен сайыстар ең есте қаларлық болды. Еліміздің өзге аймақтарында қандай оқиғалар болғанын саралайық.

2019 жылдың 27 шілдесінде Қостанайда Қостанай облыстық триатлон федерациясының бірінші ашық кубогі өтті. Іс-шара аймақтық триатлон федерациясы және кубоктің бас серіктестері болған «Агромашхолдинг KZ» және «Сарыарка Авто Пром» (Allur Group) ЖШС бастамасымен өткізілді.

Қаланың жаңа жағалауында Elite және Age Group санаттарындағы 50 спортшы жүлделі орындарға таласты. Кубоктің өту кезінде мына санаттар бойынша медальдар үлестірілді:

  • Elite – «спринт» қашықтығындағы триатлон (750 м жүзу, 20 км веложарыс, 5 км жүгіру);
  • Age Group – «стандарт» қашықтығындағы триатлон (1500 м жүзу, 40 км веложарыс, 10 км жүгіру);
  • Age Group – «спринт» қашықтығындағы дуатлон (2,5 км жүгіру, 20 км веложарыс, 5 км жүгіру).

Триатлон және дуатлон жарыстары қатар өтті. Сайыскерлер доданың барлық кезеңдеріне күшін есептеп бірдей жұмсауы керек болды. Дуатлон нәтижесінде ерлер арасындағы абсолюттік есепте Никита Радаев бірінші орын алды. Екінші орында Виктор Цирик, үшінші орынды Айбек Байдильдинов иеленді. Әйелдер арасында бірінші орында Юлия Зеленская, ал екінші орында Аружан Калиахметова болды. Триатлондағы абсолюттік есепте Вячеслав Гаранин жеңімпаз атанды. Екінші орында Азизбек Ғабдулин, үшінші орында - Алишер Ахметов.

Ақтөбе облыстық триатлон Федерациясының өкілдері де қалыс қалып жатқан жоқ. 21 шілдеде Қазхром ұлтаралық компаниясының қолдауымен Ақтөбе қаласында «спринт» (2,5 км жүгіру, 20 км веложарыс, 2,5 км жүгіру) қашықтығында дуатлон бойынша сайыстар өткізілді. Жеке есепте 99 адам қатысса, командалық есепте 23 эстафеталық команда сынға түсті. Барлық сайыскерлерге арнайы медальдер табысталып, жас топтарындағы жеңімпаздарға құнды сыйлықтар мен дипломдар табысталды.

Осы арада Павлодар облысында «Ertis Iron Team» әуесқой спортшылар клубы ұйымдастырылды. Жаңадан ашылған клуб ҚР жүзуден спорт шебері В.Звонаревтің бастамасымен жаттығулар жүргізіп жатыр. Клуб өкілдері Running Pavlodar (В. Звонарев, П. Гацкий и А. Колонда) командасының құрамында BI Group Ironman 70.3 Astana додасында жеңімпаз атанды. BI Group Ironman 70.3 Astana турнирінде Павлодар облысының 20 спортшысы қатысты. Олардың арасында облыстық туризм мен спортты дамыту басқармасының басшысы М. Айдашев та болды. 2019 жылдың 17 шілдеде BI Group Ironman 70.3 Astana нәтижесі бойынша Павлодар облыстық коммуникациялар қызметінде команданың жеңісіне арналған баспасөз конференциясы өтті.

Астана Триатлон Федерациясының бапкерлер құрамында өзгерістер болды. Команда құрамына жүзу бойынша халықаралық дәрежедегі спорт шебері Ксения Романчук қабылданды. К.Романчук жұмысына кірісіп, ашық судағы жүзуден шеберлік сағатын өткізді.

Біз аймақтардағы триатлонның дамуын бақылап отырғанымызда еліміздің барлық триатлоншылары Ақтауда өтетін «TEMIRADAM 113» Кубогі финалына қызу дайындалуда. Сайысқа тіркеу 17 қыркүйекке дейін ашық.

 


Reitiñ köşbasşylary
Saıystar kúntizbesi